
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету керектігіп айтып, тапсырма берген болатын.
Осы мақсатта Отырар ауданында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ауданда 38 елді мекеннің 36-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалған Сырдария және Ақкөл елді мекендерін ауыз сумен қамту құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, жобаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы қаржы қаралып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Аудандағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарымен танысу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл мен аудан прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов жауапты сала мамандарымен бірге елді мекендерді аралап, аймақтағы атқарылған жұмыстарды бағамдап, тұрғындарға қажеттілігі жоғары коммуналдық саланың жұмысын пысықтады.
Жалпы ауданда елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарымен бірге ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да қарқын алған. Осы мақсатта, аудандық бюджет қаражаты есебінен Маяқұм мен Балтакөл, Аққұм мен Жаңа Шілік елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптама қорытындылары алынған. Қазіргі таңда Балтакөл және Аққұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылу үстінде. Қалған жобаларды толықтай жүзеге асыру үшін Түркістан облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шарушылық басқармасына өтінімдер беріліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Бұдан бөлек ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Қостерек пен Аққұм, Жаңа Шілік пен Көлқұдық, Шеңгелді мен Қарақоңыр, Отырабад пен Ақтөбе, Ескі Шілік пен Қостүйін, Шәмші Қалдаяқов пен Маяқұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аралау барысында аталған нысандардың ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы зор екендігін айтқан аудан әкімінің орынбасары Қ.Сейітқұл құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертіп, жауапты сала мамандарына аталған жұмыстарды қадағалауды тапсырды.
Атап өтерлігі, Түркістан облысында тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстары тұрақты жалғасып, бұл бағытта биыл 66 нысанның құрылысына бюджеттен қажетті қаржы қаралған. Аталған мәселе мен өңірдегі өзге де түйткілдер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің ұдайы бақылауында тұр.
– Биыл тапсырылатын нысандарды мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырамын. Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыруды және жыл соңына дейін жоспарланған 38 елді мекендерді ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету қажет. Құрылыс жұмыстарының барысына күнделікті мониторинг жүргізіп, апта сайын мәлімет енгізіңіздер. Жыл соңына дейін қаржылар мерзімінде игерілмесе аудан әкімдерінің тәртіптік жауапкершіліктері қаралатынын ескертемін, – дейді облыс басшысы.
Биыл облыста 38 су құбыры іске қосылады, 28 нысанның құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар 30 елді мекенге жаңа су құбырлары жетіп, тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартудан өтеді. Бұл бағытта арнайы мониторинг жүргізіледі. Облыста ауыз сумен жабдықтау қызметтерімен 17 су беруші мекеме айналысады.
Бүгінде елді мекендерге барлау жұмыстары жүргізіліп, арнайы индикаторлар енгізілді. Мердігер мекемелермен келісімшарт орнатылып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда Ордабасы, Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаш, Келес аудандарын ауыз сумен толық қамту шаралары жан-жақты зерделеніп, бірнеше аудандарда су нысандарының құрылысы аяқталса, кейбірінде ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған дейін 215 елді мекен жоспарға енгізіліп, оның 86 елді мекенінде ауыз су мәселесі шешілген-ді.
Биыл облыс көлемінде 129 елді мекенге кестеге сай ауыз су беріліп жатыр. Соның ішінде 68 елді мекендегі оқшау су жүйелері аудан, қала әкімдіктерінің меншігінде болса, 61 елді мекендегі топтық су жүйелері министрлікке қарасты «Қазсушар» РМК-ның теңгерімінде. Биыл жоспарға сәйкес, 24 елді мекенге тәулік бойы су жеткізу жоспарланып отыр. Қалған 20 елді мекенді үздіксіз ауыз сумен қамту шаралары келесі жылы атқарылмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
