
Биыл 60 жылдық мерейтойын ерекше салтанатпен атап өткен Балтакөл ауыл округінде біршама ауқымды жұмыстар атқарылған.
Мәселен, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Балтакөл ауылындағы Тәукенбай-2 көшесіне (ұзындығы 1,6 шақырым), Б.Жұмағұлов көшесіне (ұзындығы 1,1 шақырым) орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Балтакөл ауылындағы Ә.Ернішев көшесіне, Көлқұдық елді мекеніндегі М.Арыс көшесіне, Самырат ауылының Тәтібай көшесіне, Ақкөл ауылынан Қ.Азаматов көшесіне ағымдағы жөндеу (тас төсеу) жүргізілген. Балтакөл ауылындағы М.Көбеев көшесінің бойындағы 0,18 гектар жерді абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары атқарылған. Елді мекендегі Тәукебай көшесін абаттандыру, Самырат ауылындағы балалар ойын алаңшасын салу, ішкі көшелерді жөндеу секілді көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер шешімін тапқан.
Сонымен қатар ағымдағы жылы Балтакөл ауыл округіне қарасты Ақкөл (382 тұрғын, абонент саны — 65) елді мекенінің ауыз су құрылысына қаржы қаралып, өндірістік кестесіне сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Сондай-ақ, Балтакөл елді мекені ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да қарқын алған.
Рас, аудан әкімімен кездесуде ауыл тұрғындары ағын су, жұмыссыздық, жолдарды жөндеу секілді бірқатар өзекті мәселелерді айтып, шешімін табуына қолдау көрсетуін сұрағанын жасырмаймыз. Аталған мәселелерге байланысты аудан басшысы тиістілігіне қарай салалық бөлімдерге тапсырмалар беріліп, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырған болатын.
Ынтымағы жарасқан деуіміздің бір дәлелі, қазан айында Балтакөл ауылының 60 жылдық мерейтойына жиналған көпшілік ерекше сәтке куә болды. Салтанатты жиында ауылдың тумасы, белгілі кәсіпкер Балтабай Асанов ауыл тұрғындарына үлкен тарту жасап, жаңа жедел жәрдем көлігін табыстады. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқан Байдуалиев қатысып, ауыл игілігіне жасалған игі іс үшін кәсіпкерге ризашылықтарын білдірді. Бұл бастаманың ауыл халқының денсаулығын жақсартуға зор ықпал ететінін атап өткен ел ағалары жерлестеріне қолдау көрсеткен кәсіпкерге алғысын айтып, еңбегіне табыс тіледі. Жаңа жедел жәрдем көлігі ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік маңызы зор игілікке айналары сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
