![]()
Отырар ауданының тарихи-мәдени және рухани мұрасы өңірдегі туризм саласын дамытудың маңызды тетігіне айналып келеді. Туристік әлеуеттің артуы тек тарихи нысандарға келушілер санын көбейтіп қана қоймай, қызмет көрсету саласын жандандырып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары мен табыс көздерінің қалыптасуына мүмкіндік беруде.
Биыл жыл басынан бері қасиетті Отырар өңіріне 185 870 турист келіп, ауданның тарихи-мәдени және рухани мұраларымен танысқан. Тамыры терең тарихымен танылған өлке — Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері ретінде де әлем жұртшылығының назарында. Мұнда келушілер Арыстанбаб кесенесіне, Отырар қалажұртына, музей-қорық нысандарына және өзге де тарихи-мәдени ескерткіштерге арнайы ат басын бұрады.
Соңғы жылдары ауданда туристік әлеуетті арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тарихи нысандардың инфрақұрылымы жаңартылып, келушілерге қолайлы жағдай жасауға басымдық берілуде. Туристер ағынының өсуі өз кезегінде қонақүй, тамақтану, сауда, көлік және түрлі қызмет көрсету бағыттарының дамуына серпін беріп отыр.
Туризмнің дамуы жергілікті кәсіпкерлікке де жаңа мүмкіндік қалыптастыруда. Туристерге қызмет көрсетуге бағытталған нысандардың көбеюі тұрғындардың кәсіп бастауына, қосымша табыс көздерін қалыптастыруына және тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, тарихи-мәдени мұраны сақтап, оны туризммен ұштастыру аудан экономикасын әртараптандырудың тиімді бағыттарының бірі болып отыр.
Алдағы кезеңде туристік инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру және жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру жергілікті тұрғындардың экономикалық белсенділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, жастардың қызмет көрсету және кәсіпкерлік салаларына тартылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек.
Қасиетті Отырардың тарихи мұрасы – туризмді дамытудың ғана емес, ауыл тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастырудың да маңызды ресурсы. Сондықтан туризм саласын жүйелі дамыту ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, халықты жұмыспен қамтуға және табыс көздерін кеңейтуге ықпал ететін бағыт ретінде маңызын арттыра береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
