
Сайрам ауданында жергілікті билік тарапынан тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жұмыстары тұрақты түрде жалғасып келеді. Бүгін аудан әкімі Мадияр Оразалиев тұрғындарды қабылдап, тұрғын үй, инфрақұрылым және абаттандыру салаларына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Мәселен, Ақсукент ауылындағы Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғыны тұрғын үй мәселесін көтерді. Осыған орай, аудандық «Отбасы банк» қызметкері толық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі мен талаптарын жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, Қасымбек Датқа ауылының тұрғыны ауыз су, электр энергиясы және жайылым жер бойынша өтінішін жеткізді.
Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Зияев көшесінің тұрғындарын жаз айларында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы су көзіне қосымша ұңғыма қазылып, оны қосу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде көшеге ауыз су тұрақты режимде берілуде. Ал, электрмен қамту бағытында Зияев көшесіне 1 трансформатор, 51 электр бағанасы орнатылып, 1,2 шақырым электр желісі тартылды. Қабылдау барысында аудан әкімі тұрғындардың әрбір сұрағын мұқият тыңдап, өзекті мәселелерді жауапты мамандармен бірлесе талқылады.
Атап өтер жайт, қазіргі уақытта Сайрам ауданына қарасты барлық елді мекендер электр қуатымен қамтылған. Дегенмен, электр желілері мен бағаналарының тозу деңгейі 40 %-ды құрайды. Осы мәселені шешу мақсатында елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Сайрам ауданын электр қуатымен қамту деңгейін арттыру және желілерді жаңарту мақсатында 9 нысан бойынша құрылыс жұмыстары қолға алынған. Қарамұрт, Көлкент, Қарабұлақ, Низамабад, Қожақорған, Нұржанқорған елді мекендері мен Қожақорғанның 34 гектар аумағындағы электр желілерінің құрылысы биыл толық аяқталды. Нәтижесінде 2663 тұрғын үй сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтылатын болады.
Құрылыс жұмысы кезінде 37 дана трансформатор орнатылып, 117,8 шақырым электр желілері тартылды, сондай-ақ 4160 дана электр бағаналары жаңадан орнатылды.
Энергетика мәселесі сөз болғанда, кеше ғана Сайрам ауданындағы Көлкент елді мекенінде табиғи газбен жабдықтау желілері іске қосылғандығын айналып өтсек, жарамас. Жаңа нысанды іске қосу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
– Ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін Көлкент ауылындағы газ желілерінің құрылысы аяқталып, 3 мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылуда. Бұл – әр отбасының тұрмысына жайлы жағдай жасай отырып, экологиялық ахуалды да жақсартатын үлкен қадам. Оған қоса, көлкенттіктер өте еңбекқор екенін қоғам біледі. Ал көгілдір отын осы іскер тұрғындарға оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына да үлкен үлес қосатыны анық.
Бүгінде Сайрам ауданында 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газға қосылып, қамту деңгейі 88 пайызға жетті. Жыл соңына дейін 100 пайызға жететін болады, – деген Нұралхан Оралбайұлы тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады.
Облыс елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2025 жылы 80 жобаға қаржы қаралды. Биыл 46 жобаның құрылысы аяқталса, 34 жоба келесі жылға өтпелі.
Биыл өңірде жоспарланған 46 нысанның 37-сі пайдалануға берілді. Ал, қалған 9 нысан жыл соңына дейін толығымен аяқталып, іске қосылады. Нәтижесінде жыл қорытындысымен қосымша 43 елді мекен немесе 73 мың тұрғын газбен қамтылады. Осылайша, облыстағы газдандыру деңгейі 75 пайызға жетеді.
Жалпы, облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен, жеке қабылдауға оралсақ. Тұрғындардың ұсыныс, арыздары хаттамалық тапсырмаға енгізілді. Аудан басшысы бөлімдерге барлық мәселелердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
