![]()
Сауран ауданында әлеуметтік жағынан осал санатқа жататын бес отбасы баспаналы болып, жаңа тұрғын үйлердің кілттерін алды. Салтанатты рәсімде баспана кілттерін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров табыстады.
Жаңа үйге ие болған отбасылар үшін бұл күн көптен күткен қуанышқа айналды. Тұрғындар өздеріне көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, жаңа баспаналарында береке мен жайлы тұрмыс орнайтынына сенімдерін жеткізді.
Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында бұл бағыттағы жұмыстар өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар, әлеуметтік жауапкершілікті сезінген кәсіпкерлердің бастамалары да тұрғын үй мәселесін шешуге өзіндік үлес қосып келеді.
Қазіргі таңда Сауран ауданында тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегінде түрлі санат бойынша 5 401 адам тіркелген. Осы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда.
Статистикалық мәліметке сәйкес, 2025 жылы аудан бойынша 64 азаматқа тұрғын үй кілті табысталса, 2026 жылы тағы 5 азамат жаңа баспанаға ие болды. Бұл – әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау, баспанамен қамту мүмкіндіктерін арттыру және әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
