![]()
Сауран ауданында көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №1247 және 29 мамырдағы №1295 Жарлықтарына сәйкес «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқалары табысталды.
Марапаттау рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, көпбалалы аналарды мемлекеттік наградаларымен құттықтады. Ол өз сөзінде отбасы институтын нығайтуға, ұрпақ тәрбиесіне және елдің демографиялық өсіміне өлшеусіз үлес қосып жүрген аналардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын атап өтті.
Нақтылайық, бүгінде Сауран ауданында 7 767 көпбалалы ана тұрады. Олардың қатарында 100 «Батыр ана», 659 «Алтын алқа», 1 732 «Күміс алқа» иегері және І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған 199 ана бар. Бұл ауданның демографиялық өсімінің тұрақты екенін және отбасы құндылықтарын дәріптеуге ерекше мән берілетінін көрсетеді.
Президент Жарлықтарына сәйкес Сауран ауданынан 24 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 7 ана «Алтын алқа» алқасымен, 17 ана «Күміс алқа» алқасымен марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау және демографиялық өсімді қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Президенттің бастамасымен көпбалалы отбасыларды қолдау тетіктері жетілдіріліп, мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік қолдау шараларының көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылып келеді. Бүгінде Қазақстанда жүздеген мың көпбалалы отбасы мемлекеттік қолдауға ие болса, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы тұрғыдан алғанда, Сауран ауданында көпбалалы аналарды «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларымен марапаттау – аналардың еселі еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, отбасы құндылықтарын дәріптеудің және ұлттың болашағына жасалған инвестицияның жарқын көрінісі. Өйткені берекелі отбасы мен тәрбиелі ұрпақ – елдің тұрақты дамуы мен кемел келешегінің ең сенімді кепілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
