![]()
Кейінгі жылдары елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелер қоғам талқысының өзегіне айналып отыр. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесіндегі ашықтықтың жеткіліксіздігі, тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы сенім мәселесі, ортақ мүлікке жауапкершілік мәдениетінің әлсіздігі халықты алаңдататын негізгі түйткілдердің біріне айналды.
Осыған байланысты «AMANAT» партиясы ел аумағында тұрғындарды толғандырған мәселелерді басты назарға ала отырып, жүйелі әрі нақты шешім әзірлеуге бағытталған форум-семинар өткізген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастыру міндетін қойды. Осы тапсырма аясында «AMANAT» партиясы тұрғын үйлерді тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға, тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға және саладағы ашықтықты арттыруға бағытталған «TURGYNDAR AMANATY» жобасын іске асыруда. Аталған жоба аясында Шымкент қаласында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум-семинар өтті.
Форум жұмысына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы мен қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері мен салалық сарапшылар, сондай-ақ мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты.
Жиынды ашқан қала басшысы Ғабит Сыздықбеков форумның негізгі мақсаты тұрғын үй қорын басқару жүйесіндегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, оны жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу және алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындау екенін атап өтті.
«Бүгінде қалада азаматтарды алаңдатып отырған мәселелерді шешуге бағытталған тұрғын үй реформасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – мүлік иелері бірлестігі мен тікелей бірлескен басқару тетіктерін жетілдіру. Бұл қадам тұрғындардың өз үйіне деген жауапкершілігін арттырып, тиімді басқару мәдениетін қалыптастыруға негіз болады. Мұндағы басты мақсат – әрбір тұрғын үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру», – деді ол.
Сондай-ақ ол тұрғын үй қорын жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасы әзірленіп, инвесторларды тарту жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бұл бастама аясында қаладағы апатты үйлердің орнына заманауи тұрғын үй кешендерін салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
