![]()
Шымкентте жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері — тұрақты бақылауда. Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимылды күшейтіп келеді. Осыған байланысты кешегі бейсенбіде өткен алқа отырысында жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, саладағы бақылау тетіктерін жетілдіру бағытындағы бастамалар қаралды.
Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен қала прокуроры Елдос Сағиев, прокуратура қызметкерлері мен аудан әкімдері, басқарма басшылары мен бірқатар мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Басқосу барысында жер ресурстарын басқарудағы заң талаптарының сақталуы, заңсыз құрылыс фактілерінің алдын алу және жерді мақсатсыз пайдалану мәселелері кеңінен сөз болды.
Қала басшылығы жер қатынастарын ретке келтіру – мегаполистің тұрақты дамуы үшін аса маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Әсіресе, соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлік нысандарының көбеюіне байланысты жер мәселесіне қатысты талаптардың қатаң сақталуы күн тәртібінен түспей отыр. Осыған байланысты заңсыз құрылыс нысандарын анықтау және олардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Отырыста анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқаны айтылды. Мемлекеттік органдар мен прокуратура арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижесінде заң талаптарын бұзу деректеріне жедел әрекет ету тетігі қалыптасқан. Бұл өз кезегінде жауапкершіліктің бұлтартпау қағидатын қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік беруде.
Жиын аясында қала әкімдігі мен прокуратураның бірлескен цифрлық жобасы таныстырылды. Жаңа бастама жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы жер телімдерін заңсыз иемдену фактілерін анықтауға бағытталған. Мамандардың айтуынша, мұндай цифрлық шешімдер жер қатынастары саласындағы ашықтықты арттырып қана қоймай, бақылау жұмыстарының тиімділігін де күшейтеді.
Қазіргі таңда цифрландыру мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды бағытына айналып отыр. Соның ішінде жер ресурстарын басқаруда жаңа технологияларды енгізу көптеген мәселелерді дер кезінде анықтауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект негізіндегі жүйе жер телімдерінің игерілуін бақылап, заңсыз әрекеттерді автоматты түрде саралауға жол ашады.
Мамандар мұндай жобалардың тиімділігі жоғары екенін айтады. Себебі, адам факторын азайту арқылы шешім қабылдау үдерісі ашық әрі нақты бола түседі. Сонымен қатар бұл тәсіл жер қатынастары саласындағы мемлекеттік бақылаудың сапасын арттыруға ықпал етеді.
Шымкентте жер ресурстарын тиімді пайдалану, заңсыз құрылысқа тосқауыл қою және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Қала әкімдігі бұл мәселеде ашықтық пен заңдылық қағидаттарын басты назарда ұстап, заманауи технологияларды енгізу арқылы басқару жүйесін жетілдіруге басымдық бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
