Шымкент қаласының әкімі шаһардағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Жандосов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Қасбетті жаңарту ауданның сәулеттік келбетін жақсартып, қалалық ортаның заманауи әрі тұрғындар үшін қолайлы болуына ықпал етеді. Қала әкімі мердігер ұйымға атқарылып жатқан жұмыстың сапасына ерекше мән беріп, құрылыс нормаларының қатаң сақталуын тапсырды.

Сондай-ақ Тұран ауданындағы Ғани Иляев көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үй ауласындағы ирригациялық арықты нормативтік талаптарға сәйкестендіру жұмыстары тексерілді. Бұл мәселе тұрғындар тарапынан көшпелі кездесу барысында көтерілген болатын.

Кепілдік міндеттемелеріне сәйкес, мердігер ұйым ирригациялық арықтың деңгейін тегістеу жұмыстарын жүргізеді. Қала әкімі аудан әкімдігіне аталған жұмысты тұрақты бақылауда ұстап, анықталған барлық кемшіліктердің толық жойылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ирригация демекші, жазғы шілде еніп, күн ысуына байланысты Шымкентте көгалдар мен жасыл-желекке тұрақты күтім көрсетіліп жатыр. Жауапты мамандар суару және абаттандыру жұмысын кесте бойынша күнделікті бақылайды. Мысалы, Тұран ауданында суару жұмысы автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Суды тиімді пайдалану мақсатында суару жүйесі күн сайын кешкі сағат 18:00-ден түнгі 02:00-ге дейін жұмыс істейді.

“Бұл уақыт аралығы жасыл желектің қажет ылғалды алуына қолайлы”, — дейді агрономдар. Жалпы, суару жүйелерінің жұмыс істеуі тұрақты бақылауда. Жасыл желекке санитарлық күтім де жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мегаполис бойынша мұндай күтім жұмысы жаз бойы тұрақты жалғасады.

Бұдан бөлек Мұз сарайы мен Орталық су-спорт кешеніндегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Жоба аясында шатыр мен қабырғалар, қасбет және мұз аренасы толық жаңартылады.

Сонымен қатар су спорты түрлеріне арналған орталық кешенде демеушілердің қолдауымен ғимарат пен инженерлік жүйелерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Дене шынықтыру және спорт басқармасына жобалардың орындалуын күшейтілген бақылауға алып, нысандарды бекітілген кестеге сәйкес пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You