
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жергілікті тұрғындармен көшпелі жиынында қоғамдық орындар мен аулаларды, көшелерді және Қошқар ата өзені жағалауын абаттандыру және тазалығын қамтуға қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Қала тұрғындары автотұрақтарды кеңейтіп, бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін де жеткізді.
Мегаполис басшысы қала аумағында тазалық пен тәртіпті сақтауда тұрғындарды жауапкершілік танытуға шақырып, таза және жайлы ортаны қалыптастыруда жергілікті халықтың түсіністік білдіруі маңызды екеніне тоқталды. Бұдан бөлек, азаматтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сапалы жылу, коммуналдық және кәсіпкерлік нысандарының жұмысы мен балалар, спорт алаңдарын жаңартуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Тұрғындардың бастамалары ескеріліп, алдағы уақытта жұмыс жоспары аясында қарастырылатын болады. Қала әкімі аудан әкімдігі мен тиісті басқармалардың басшыларына көтерілген мәселелерді жедел шешіп, халыққа қолайлы жағдай жасауда нақты тапсырмалар берді.
Бұдан бөлек Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен көшпелі кездесу Абай ауданындағы «Солтүстік-Батыс», «Жиделі», «Көкбұлақ» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» шағынаудандарында ұйымдастырылған-ды.
Кездесу барысында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салу, асфальттау жұмыстарын жүргізу, кәріз жүйесін жаңарту, жер учаскелерін рәсімдеу, көшелерді кеңейту, жол белгілері мен жарық бағаналарын орнату мәселелері қаралды. Тұрғындар тарапынан қосымша балалар мен спорт алаңдарын, мәдениет үйін және медициналық пункт ашу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, қоғамдық көлік бағытын реттеу, автобус санын арттыру және аялдамаларды көбейту ұсынылды.
Әкім Ғабит Сыздықбеков азаматтардың кездесуге белсенді қатысып, өз ұсыныстарын білдіргені үшін алғыс айтты. Көптеген мәселелер сол кездесу барысында шешімін тапты. Қосымша зерттеуді және уақытты талап ететін мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар жауапты органдарға берілді. Барлық көтерілген мәселелер қала дамуының басымдықтарына сәйкес кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Мұндай форматтағы кездесулер тұрғындардың пікірін тыңдап, жүйелі түрде қарастыруға және нақты оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берері сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
