Созақ ауданында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы зерделенді

Loading

Созақ ауданында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен азаматтарға жасалған жағдайлар қоғамдық бақылау арқылы зерделенді. Бақылау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Қоғамдық бақылау жұмысына Созақ ауданы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің бас инспекторы С. Қарабаев пен Созақ аудандық «Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Б. Смахова қатысты.

Зерделеу барысында Созақ аудандық экономика және қаржы бөлімінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне назар аударылды. Атап айтқанда, қызмет алушыларға қажетті ақпараттың толық әрі түсінікті ұсынылуы, мемлекеттік қызметтер тізімі мен өтініш үлгілері орналастырылған ақпараттық стендтердің талапқа сәйкестігі, азаматтарды қабылдау жұмысының ұйымдастырылуы қаралды.

Сонымен қатар өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының болуы және оның тиімділігі, азаматтарға қажетті ақпараттың қолжетімділігі, мемлекеттік қызмет алу кезінде қолайлы орта қалыптастыру мәселелері де бақылаудан тыс қалған жоқ.

Қоғамдық бақылау барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайларға да ерекше, назар аударылды. Нысанның қолжетімділігі, қызмет алу кезінде азаматтарға қажетті жағдайлардың жасалуы және ақпаратты кедергісіз алу мүмкіндігі зерделенді.

Бақылау қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіру, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және қызметтерді белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастыру бағытында жауапты мамандарға тиісті ұсынымдар берілді.

Мұндай қоғамдық бақылау мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіндегі нақты мәселелерді анықтап қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You