![]()
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласындағы «Дара ұрпақ» инклюзивті театрына арнайы барып, ұжыммен және жас өнерпаздармен кездесті.
Жылы әрі әсерлі жағдайда өткен жүздесуде театрдың жас өнерпаздары өнерлерін көрсетсе, театрдың құрылтайшылары Ербол Көкенов пен Рухабза Қалдарбек балалардың атынан өңір басшылығына алғысын айтып, жетістіктерін бөлісті. Өнерге баулып жүрген педагогтарды таныстырып, еңбектеріне тоқталды.
Кездесу барысында облыс әкімі ерекше балаларға қолдау білдіріп, театр ұжымына заманауи музыкалық аппаратураны сыйға тартты.
Ата-аналар ерекше балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға жасалған жағдайлар үшін өңір басшылығына алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, «Дара ұрпақ» инклюзивті театры ресми түрде 2025 жылғы 17 желтоқсанда ашылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен юнклюзивті театрға қажетті ғимарат берілді. Былтыр ашылған театр бүгінде өңірдегі ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды өнер арқылы әлеуметтендірудің тиімді алаңына айналып отыр. Бұл – Түркістан облысындағы тұңғыш инклюзивті театр әрі Қазақстанда аралас диагнозы бар балалармен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін алғашқы бірегей ұжымдардың бірі. Театрдың негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік жасау.
Бүгінде театрда Даун синдромы, аутизм және РАС, церебралды сал ауруы, сөйлеу қабілеті бұзылған 100-ге жуық ерекше бала өнермен айналысады. Актерлік шеберлік, вокал, хореография, пара би бағыттарымен қатар, мұнда психологтар, нейропсихологтар, невропатологтар, дефектологтар және АВА-терапевтерден құралған кәсіби мамандар қызмет көрсетеді.
Кездесу барысында облыс әкімі театрдың алдағы жоспарларымен де танысты. Болашақта ұжым Түркістан облысының аудандарында гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында өнер көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ Қазақстандағы ерекше балалардан құралған тұңғыш оркестрді құру жоспары бар.
Еске салайық, Қазақстандағы инклюзивті театрлардың тарихы әлі ұзақ емес. Бұл бағыт негізінен соңғы он жылда ғана жүйелі түрде дами бастады. Қазіргі таңда елімізде толыққанды кәсіби немесе тұрақты жұмыс істейтін инклюзивті театрлар мен театр ұжымдары санаулы ғана. Олардың ішінде төмендегілері ерекше аталады:
- Солтүстік Қазақстан облысы (Петропавл) – еліміздегі ең алғашқы инклюзивті өнер ұжымдарының бірі саналатын “Sensitive” (бастапқыда би театры) 2006 жылы құрылды. Ұжымда негізінен есту қабілеті бұзылған жастар өнер көрсетеді. Кейін оның қызметі кеңейіп, халықаралық фестивальдерге қатысып, Қазақстандағы инклюзивті өнердің танымал үлгілерінің біріне айналды. 2026 жылы театр өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
- Алматы қаласы – 2017 жылы «Действие буквально» (Literal Action) инклюзивті театр зертханасы ашылды. Бұл – кәсіби актерлер мен аутизм спектрі, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар адамдарды бір сахнаға біріктірген Қазақстандағы алғашқы кәсіби инклюзивті театр жобаларының бірі. Кейін Алматыда «Adamdart» әлеуметтік-инклюзивті театры құрылып, ерекше жандардың қатысуымен әлеуметтік қойылымдар қоя бастады.
- Астана қаласы – 2021 жылы «Қанаттылар» инклюзивті театры құрылды. Ол Жастар театрының жанында жұмыс істейді. 2024 жылы ұжымға ресми түрде «Қанаттылар» инклюзивті театры мәртебесі беріліп, шығармашылық құрамы ұлғайтылды. Бүгінде театрда қырықтан астам ерекше қажеттілігі бар актер өнер көрсетіп, республика бойынша гастрольдік сапарларға шығып жүр.
- Атырау облысы – 2024 жылы «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының бастамасымен «Талшын» инклюзивті театры құрылды. Театр әлеуметтік тақырыптағы қойылымдар арқылы ерекше жандардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерін насихаттап келеді.
- Түркістан облысы – «Дара ұрпақ» инклюзивті театры 2025 жылғы 17 желтоқсанда ресми түрде ашылды. Бұл – Түркістан облысындағы тұңғыш инклюзивті театр әрі Даун синдромы, аутизм, церебралды сал ауруы және өзге де аралас диагноздары бар балалармен кешенді түрде жұмыс істейтін Қазақстандағы бірегей шығармашылық ұжымдардың бірі. Театрда 100-ге жуық ерекше бала актерлік шеберлік, вокал, хореография және басқа бағыттар бойынша білім алады.
Сонымен қатар, инклюзивті театр қозғалысы басқа өңірлерде де біртіндеп дамып келеді. Мәселен, Ақтөбе облысында саңыраулар қоғамының жанынан «Мы Вас любим» клоунада театры жұмыс істейді, ал Павлодар облысында Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр жанынан инклюзивті театр үйірмесі ашу қолға алынған. Жалпы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздің кемінде сегіз өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шығармашылық ұжымдар мемлекеттік қолдаумен жұмыс істейді.
Атап өтерлігі, инклюзивті қоғам қалыптастыру – Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары ерекше қажеттілігі бар азаматтардың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті орта қалыптастыру тек әлеуметтік қолдау көрсетумен шектелмеуі, әрбір азаматтың қабілетін дамытуға және қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік беру арқылы жүзеге асуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістандағы «Дара ұрпақ» инклюзивті театры – ерекше балалардың өнер арқылы әлеуетін ашып, шығармашылыққа баулитын, өзіне деген сенімін нығайтатын бірегей әлеуметтік-мәдени жоба. Мұндай бастамалар қоғамдағы инклюзивті мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, мейірім мен тең мүмкіндіктер қағидатын нығайтып, Қазақстанда кедергісіз қоғам құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
