![]()
Жыл басынан бергі жағдай бойынша Түркістан қаласында мүгедектігі бар азаматтардың жалпы саны 12 602 адамды құрайды. Оның ішінде 10 803-і — ересек азаматтар, ал 1 799-ы — 18 жасқа дейінгі балалар.
Атап айтқанда:
І топтағы мүгедектігі бар адамдар – 1 162 адам;
ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар – 5 341 адам;
ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар – 4 300 адам;
0–7 жас аралығындағы мүгедектігі бар балалар – 588 бала;
7–18 жас аралығындағы І топтағы мүгедектігі бар балалар – 188 бала;
7–18 жас аралығындағы ІІ топтағы мүгедектігі бар балалар – 373 бала;
7–18 жас аралығындағы ІІІ топтағы мүгедектігі бар балалар – 650 бала.
Аталған мәліметтер Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ресми деректері негізінде ұсынылып отырғанын айта өтейік.
Облыс орталығында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау, олардың құқықтарын қорғау және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар заңнама талаптарына сәйкес тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Жалпы осы ретте еске салар маңызды ақпарат, 8 маусым күні Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте халықты жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы мен қала аумағында анықталған кемшіліктер мәселесі қаралған болатын. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова баяндама жасап, саладағы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Баяндамашының мәліметінше, Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 19 жоба арқылы 136 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 3 жоба іске асырылып, 41 жаңа жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға — 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша жылдық жоспар 1250 орынды құрайды. Есепті кезеңде 383 жұмыс орны құрылып, бес айлық жоспардың орындалуы 93 пайызға жеткен.
Тұрақты жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері 1794 азамат жұмысқа жолданып, бес айлық жоспар 66,5 пайызға орындалды. Оның ішінде 1644 азаматқа міндетті зейнетақы жарналары аударылған.
Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жылдық жоспар 1600 орынды құраса, бес айдың қорытындысымен 1232 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 103,9 пайызға орындалған. Оның ішінде қоғамдық жұмыстарға – 900, жастар практикасына – 164, әлеуметтік жұмыс орындарына – 97 және «Күміс жас» жобасы аясында 71 азамат жолданған.
Мәжіліс барысында қала әкімі ұлттық жобалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек шарттарын тіркеу және міндетті зейнетақы жарналарын аудару көрсеткіштерін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Жауапты сала басшыларына жұмысты жандандырып, жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қала аумағындағы анықталған кемшіліктер қаралды. Мәжілісте санитарлық тазалық, көгалдандыру, көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ пайдалану аумақтары, сондай-ақ балалар ойын және спорт алаңшаларындағы өзекті мәселелер бойынша жүргізілген мониторинг қорытындылары таныстырылды.
Әзімбек Пазылбекұлы халықты жұмыспен қамту, еңбек қатынастарын заңдастыру, зейнетақы аударымдарын қамтамасыз ету, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын күшейту бағытында нақты тапсырмалар жүктеп, жауапты мекеме басшыларына белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Атап өтерлігі, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау – Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бүгінде республика бойынша 740 мыңнан астам адам мүгедектігі бар тұлға ретінде тіркелген және олардың өмір сүру сапасын жақсарту, кедергісіз орта қалыптастыру, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Түркістан облысында да инватакси қызметін кеңейту, оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық құралдар мен санаторий-курорттық емдеуге жолдамалар беру, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғам қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын толық қамтамасыз ету және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеті екенін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан Түркістан қаласында әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдірумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу, қолжетімді орта қалыптастыру және әрбір азаматтың әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өзектілігін жоғалтпайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
