Түркістан облысы: Қазығұрт ауданында әлеуметтік қолдау жүйесін цифрлық форматқа көшіру жобасы аясында оқыту семинары ұйымдастырылды

Қазығұрт ауданында әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыруға арналған оқыту семинары өтті. Семинар жұмысына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсенің» басшысы Фарида Сағындық бастаған сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын цифрлық форматқа көшіру бағытындағы пилоттық жобаны іске асырып жатқан жобалық топ мүшелері қатысты.

Семинарға арнайы жұмыс сапарымен келген топ құрамында Түркістан облысының «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова да болды.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев ашып, жүргізіп отырды. Оқыту жұмыстарына Қазығұрт аудандық полиция бөлімі, аудандық орталық аурухана мен емхана қызметкерлері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, әлеуметтік педагогтар, ауыл округі әкімдері мен аудандық «Отбасын қолдау орталығы» КММ мамандары қатысты.

Семинар барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен енгізіліп жатқан «FSM Social» ақпараттық жүйесі және «Socium» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ААЖ) туралы кең көлемді түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бұл цифрлық платформалар мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудегі процестерді автоматтандыруға, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын тиімді етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мобильді қосымшалар адами факторды азайттып, шешімдердің дұрыстығын арттырып, мамандардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Әлеуметтік мәселе туралы тағы бір ақпарат. Бүгін сонымен қатар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Келес және Сарыағаш аудандарына іссапармен барды. Медицина, білім және әлеуметтік нысандарды аралап, бүгінгі жай-күйін бақылады. Жергілікті тұрғындармен және жауапты сала өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Жүзімдік дәрігерлік амбулаториясы мен Бесқұбыр бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымында болды. Құрылыс жұмыстары зерделеніп, тиісті тапсырмалар жүктелді. Бұл нысандар пайдалануға берілген соң ауыл халқына тегін медициналық қызметтер көрсетеді. Облыс басшылығы инвестор Ж.Мелдешовпен пікірлесіп, инвестициялық жобалар жайлы ойлар ортаға салынды.

Мұнан соң Бейсенбай Дәулетұлы «Абай» Келес аудандық ауруханасында болды. Аралауға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Б.Мырзагелдиев, аудандық аурухана басшысы С.Исахова және медицина қызметкерлері қатысты. Аурухана мен «Жаңақоныс» фельдшерлік-акушерлік пунктіне қатысты түсіндіру жүргізілді. Халық кез келген медицина ұйымын таңдап, қызмет алуына еркі бар. Бейсенбай Тәжібаев заңбұзушылық әрекеттер болмауын қадағалауды ескертті.

Іссапар барысында Сарыағаш ауданы, Ынтымақ елді мекеніндегі №9 Майлықожа мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары тексерілді. Білім ошағы 1986 жылы салынған. Сыйымдылығы — 824 орын. Облыстық бюджет қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылысы 25 мамырда басталды. Биыл тамыз айының соңына дейін аяқталуға тиіс. Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғалар мен мердігер мекемеге балалардың қауіпсіздігі мен болашағы үшін құрылысты сапалы әрі тиянақты жүргізіп, уақтылы қолданысқа тапсыруды міндеттеді.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының 17 аудан және қаласында Отбасын қолдау орталықтары ашылған болатын. Бейсенбай Дәулетұлы Келес ауданындағы орталыққа арнайы барып, жұмыстарымен танысты. Мекеме консультациялар беру, кешенді сүйемелдеу, әдіснама және ақпараттық-ағарту жұмыстарын атқарып келеді. Мемлекеттік қолдаулардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Орталыққа 1 маусымдағы жағдай бойынша 293 адам жүгініп, 481 қызмет түрі ұсынылған екен. Олардың басым бөлігі аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналар болып табылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You