Түркістан облысы: Арыста тағы бір елді мекен табиғи газдың игілігін көрмек

Арыста қала күні мерекесі қарсаңында Жиделі ауылының тұрғындары «көгілдір отынға» қосылды. Игі шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев пен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, мердігер мекеме өкілдері, сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шаһар басшысы ауыл халқына ізгі тілегін жеткізіп, бұл бастама ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары да игілікті істің жалғасын табарына сенім білдіріп, ауылға жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылықтарын жеткізді.

Жоба аясында ауылдағы 311 абонент, яғни 2 мыңнан астам тұрғын «көгілдір отынға» қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, бұған дейін Байырқұм мен Көкжиде елді мекендері «көгілдір отынға» қосылған болатын. Ендігі кезекте Аққала ауылын газдандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек Арыс қаласында тұрғындармен өткен кездесулерде жиі көтерілетін мәселелердің бірі – балалар ойын алаңшаларын салу қажеттілігі. Осыған байланысты қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Арыс қаласында 17 жаңа балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары қолға алынды. Аталған нысандардың 10-ы қала аумағында орналасса, қалған 7 ойын алаңшасы ауылдық елді мекендерде бой көтеруде. Барлық алаңшалар заманауи талаптарға сай, балалардың қауіпсіздігі мен белсенді дамуына лайықталған.

Биыл қаладағы Сүлейменов көшесінде орналасқан футбол алаңшасына, сондай-ақ Монтайтас пен Жиделі ауылдық округтеріндегі футбол алаңшаларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл жұмыстар Арыс қаласының балалар мен жасөспірімдеріне қолайлы орта қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беру мақсатында жүзеге асырылу үстінде.

Тағы бір атап өтер мәселе, Арыс қаласында жол қозғалысы ережелерін сақтау, жол сапасын қорғау және рұқсатсыз жүк тасымалына тосқауыл қою мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Рейдтік жұмыстар барысында шамадан тыс жүк тиеген, жолдарды ластаған және қозғалыс қауіпсіздігін бұзған көліктерге қатысты тиісті шаралар қабылданды.

Жалпы, жыл басынан бері Арыс қаласында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы құрылған мобильді топ 31 рейд жүргізіп, 301 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша хаттама толтырды. Нәтижесінде тиісті айыппұлдар салынып, заң шеңберінде өндірілді.

Сонымен қатар Түркістан облысының көлік бақылау инспекциясы, Арыс аудандық полиция бөлімі және қалалық әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, ауыр жүк көліктерінің рұқсат етілген салмақтан асырып жүк тасымалдауын болдырмау мақсатында бірқатар рейдтер өткізілді. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, 45 әкімшілік іс қозғалып, тиісті айыппұлдар салынды.

Арыс қаласы әкімдігі алдағы уақытта да мұндай бақылау шаралары жүйелі түрде жалғасатынын және заң талаптарын бұзғандарға қатаң әкімшілік шаралар қолданылатынын ескертеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You