
Бүгін Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елді мекенінде «Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды.
Салтанатты шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев пен Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Имангелді Түймебаев қатысып, аудан тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Аталған орталықтың ашылуы – ауданның әлеуметтік дамуындағы үлкен қадам. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты және тиімді қолдаудың айқын көрінісі. Аудан халқының денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және әрбір азаматтың қоғамдық өмірге белсене араласуына бағытталған маңызды бастама.
Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Орталықта кәсіби мамандар қызмет көрсетеді. Орталық қызметіне мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлер жүгіне алады. Мұнда әрбір келушіге ыңғайлы жағдай жасалған.
Тең қоғам дегеннен шығады, жалпы Түркістан өңірінде ерекше қажеттілігі бар жандарға мемлекеттік қолдау тұрақты көрсетілуде. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан қаласының әлеуметтік саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың алғашқы бес айында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілген.
Бүгінде шаһарда 12 031 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелсе, соның ішінде 7583 азамат жеке оңалту бағдарламасымен қамтылған. Бұл көрсеткіш – ерекше санаттағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың дәлелі.
Жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтар тарапынан 6325 өтініш түсіп, олардың 4033-і нақты құралдармен қамтамасыз етілген. Бұл ретте оңалтудың барлық түрлері қамтылған:
Протез-ортопедиялық құралдар – 374 адам (60,03%);
Сурдо және тифло-техникалық құралдар – 203 адам;
Арнаулы жүріп-тұру құралдары – 227 адам (94,19%);
Санаторлық-курорттық емдеу – 654 адам (25,57%);
Жеке көмекші қызметі – 267 адам (100%);
Ымдау тілі маманының қызметі – 148 адам (99,33%);
Міндетті гигиеналық құралдар – 2160 адам (97,65%).
Бұл көрсеткіштер инклюзивті қоғам құру, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың Түркістан қаласында нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар қала аумағында арнайы әлеуметтік көлік қызметтері де тиімді жұмыс істеуде:
- 11 инватакси, оны тұрақты түрде 211 адам пайдаланады;
- 4 әлеуметтік такси, оны 51 азамат қолданады;
- Күндізгі қатынау орталығы арқылы 50 ерекше балаға тұрақты қолдау көрсетіліп жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
