![]()
Түркістан қаласында тұрғындардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мен жастарды салауатты өмір салтына тарту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде. Бұл ретте азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырумен бірге, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да айрықша мән беріліп отыр.
Қазіргі таңда қалада жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар 144 азаматқа жеке көмекші қызметі көрсетіледі. Аталған қызметтің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті қағидаларға өзгерістер енгізді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, жеке көмекші қызметін ақылы көрсетуге арналған үшжақты үлгілік шарт бекітілді. Енді төлем нақты көрсетілген алып жүру көлеміне қарай жүзеге асырылады. Қызметтің құны қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес есептеліп, төлемді жергілікті атқарушы орган Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүргізеді.
Жаңа талаптар бойынша қызмет көрсетуші жеке көмекші міндетін сапалы әрі уақытылы орындауға тиіс. Ал қызмет алушы қажетті ақпаратты ұсынуға және көрсетілген қызметтің нәтижесін бағалауға міндетті. Сонымен қатар, қызмет сапасына немесе көлеміне қатысты негізді шағым болған жағдайда, азамат орындалған жұмыстар актісіне қол қоюдан бас тартып, заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдана алады. Бұл өзгерістер әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы құқықтық айқындықты күшейтіп, көрсетілетін көмектің ашықтығы мен сапасын арттыруға, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Қалада әлеуметтік қолдаумен қатар өскелең ұрпақтың денсаулығы мен белсенді өмір салтын қалыптастыруға да назар аударылуда. Соның бір көрінісі – Жаңа қала шағын ауданында өткен «Жазғы ашық алаң ойындарының» кезекті жарысы.
Бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған шараға 200-ге жуық жасөспірім қатысты. Қатысушылар секіргішпен секіру, шеңберге доп лақтыру, белтемірге тартылу, кеудені жерден көтеру, футбол және спорттық трендтік би бағыттары бойынша бақ сынады.
Жарыстың ашылуында Түркістан қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыс барысында жасөспірімдер белсенділік танытып, өздерінің ептілігі мен спорттық шеберліктерін көрсетті. Шара соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды.
Осы жұмыстардың барлығы Түркістанда тұрғындардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен қатар, жастардың дені сау, белсенді әрі қоғам өміріне араласуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралардың қатар жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
