Кентау қаласында қолайсыз ауа райы салдарынан орын алған жағдайларды қалпына келтіру бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізілу үстінде. Шаһарға арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды штабтың шұғыл отырысын өткізіп, барлық құрылым басшыларына орын алған жағдайлардың салдарын жоюға байланысты тікелей тапсырмалар берді. Қазіргі таңда ЖЭО-5 орталығында қазандықтар жұмыс істеп тұр.
Қала бойынша 6 көпқабатты тұрғын үй мен 40-қа жуық жеке сектордағы үйдің жылу жүйелерінде ақау орын алған. Қалыпқа келтіру бойынша 11 бригада мен арнайы техникалар жұмылдырылған. Қаладағы ауыз су мәселесі 100 пайыз шешімін тауып, ретке келтірілді. Дауылды желдің салдарынан қаладағы 6 көпқабатты тұрғын үй мен 37-ге жуық жеке сектордағы тұрғын үйдің жарығын қосу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар залал келтірілген нысандарды қалпына келтіру бойынша да тиісті шаруалар жүргізілуде.
Айта кетейік, барлық секторлар бойынша жұмыстарды жүргізуге 200-ден аса қызметкер мен 15 техника жұмылдырылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.