Бұл сұрақ қарабастаулықтарды көптен бері мазалап келеді. Қаланың өндірістік аумағы болып саналатын Еңбекші ауданында биылғы жылы инфрақұрылым жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер шешімін таппақ. Осы мақсатта ауданның жаңа құрылыс аумағы мен Сайрам ауданынан қала құрамына енген елді мекендерге басымдық берілуде.
Еңбекші аудан халқының бүгінде 96,5 пайызы жарықты мемлекеттік трансформаторлардан алады. Ал, қалған 2,5 пайызы жекенің жарығымен отырса, 1 пайызы мүлдем қамтылмаған жаңа құрылыс аумағында тұрады. Осы орайда, Тұрдыабад, Абдуллабад, Еламан, Тоғыс, Бадам, Бадам-1, Маятас, Қарабастау, Айнатас, Оңтүстік тұрғын алабтарының жаңа қоныстарына біріккен жоба жасалып, нәтижесінде, 2321 үй сапалы жарық пайдаланып отыр.
Жыл соңына дейін ауданның сапалы электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 99,8%-ға жетеді деп жоспарлануда. Ал, таза ауыз судың деңгейі 94,5 %-ды құрап отыр. Дәл қазіргі таңда, 6 елді мекенде құрылыс жүруде. Олар қалаға қосылған 6 елді мекеннің (3,4%) жаңақұрылыс аймақтары. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізеді. Қазіргі таңда Қарабастау тұрғын алабының жаңақұрылыс аймағында құрылыс жұмыстарының біршамасы аяқталып, қазан-қараша айларында толық аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, көгілдір отын мәселесін толықтай шешу 2025 жылға дейінгі жоспарға енгізілген.
– Жаңа құрылыста тағы бір шешімін күтіп тұрған іс – газ құбырын тарту. Табиғи газбен қамту бойынша жобалық-смета құжаты әзірленіп жатыр. 2024-2025 жылдардың жоспарына енгізіп, халықты сапалы газбен қамтамасыз етеміз деген сенімдеміз, – дейді аудан әкімі Досбол Есілбек.
Айта кетейік, қазіргі уақытта 81 елді мекеннің 78-і (1084,9 мың тұрғын) сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері кесте бойынша ауыз су тұтынып отыр.Шымкенттіктердің таза ауыз сумен қамтылуын қамтамасыз ету үшін шаһарда су құбырларын ауыстыру және жүргізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтар болсақ, Еңбекші ауданындағы Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа тұрғын үй алаптарында ауыз сумен қамтуда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Құрсай, Сайрам, Қайнарбүлақта да жұмыстар атқарылуда.