Шымкент қаласының Қаратау ауданында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. 2021 жылы 31 көше жарықтандырылған болатын.
Өткен жылы ауданда 27 көшені жарықтандыру жұмыстары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарылды. Ал биыл ауданда 30 көшені жарықтандыру жоспарда.
Атап айтқанда, 2023 жылы Мирас, Нұрсат-3 (№14, 7А, 13А көшелері), Нұртас (Атымтаев, Саяхат, Ақсұңқар, Болашақ көшелері), Тұран, Қайтпас (Медеу, Дайрабеков, Ақбаев, Ақберен көшелері), Таскен, Тассай шағынауданы, Сайрам тұрғын алабының көшелері жарықтандырылады.
Ал Әл-Фараби ауданындағы 390 көшенің 110-ы жарықпен қамтылған. Биыл 14 көшені жарықтандыру Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының жоспарына енгізілді. Олардың қатарында, Күншығыс шағын ауданының ішкі орамдық көшелері, №25, 28 мектеп аумағы, Абдразақов, Ж.Тыныбаев көшесі, қалалық жүйке аурулар орталығы, Бөгет көшелері бар.
Қазіргі таңда, 4 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар басталды.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Instagram» желісінде өткізген дәстүрлі тікелей эфирлерінің бірінде көшені жарықтандыру мәселелерін талқылаған еді. «2021-2023 жылдары көшені жарықтандыру мен оны күтіп ұстау бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 16,4 млрд теңгеге бірқатар жобалар жүзеге асырылады», — деді қала әкімі.
Жоба аясында 312 көше жарықтандырылып (Абай ауданы: 83 көше, Әл-Фараби ауданы: 42 көше, Еңбекші ауданы: 89 көше, Қаратау ауданы: 98 көше), энергия үнемдейтін LED шамдар орнатылады. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 70 пайызға жетпек.
Эфир барысында Мұрат Әйтенов, Шымкентті тұрғындар үшін қолайлы қалаға айландыру жолында көше жарықтандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқтала келе, жобаның сапалы түрде жүзеге асырылуының басты назарда болатынын атап өтті.