
Биыл қаланың даму жоспарына сәйкес, жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында орталықтан шалғай орналасқан шағынаудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелерін жөндеуге басымдық берілуде. Қазір шалғай елді мекендердегі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары қарқын алды.Деп xабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге Бадам-1, Қаратөбе тұрғын алаптарында болып, ондағы көшелердің жөндеу жұмыстарын тексерді. Бадам-1 тұрғын алабында 20,7 шақырым асфальт жол бар. Қазір Баян батыр, Бірлік, Атауы жоқ №1, Бесшатыр, Ирисбеков көшесінің атауы жоқ тұйықтары және атауы жоқ №1,2,3,4,5 көшелері де орташа жөндеуден өтуде. Жоба бойынша бұл көшелерге 3,3 шақырым асфальт төселеді.Жалпы, жыл соңына дейін елді мекендегі 4,6 шақырымды құрайтын 2 көше және 5 тұйық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал Набережная көшесінің тұйықтарын орташа жөндеуден өткізу 2025 жылға жоспарлануда. Қаратөбе тұрғын алабыда 20,6 шақырым асфальт жол бар. М.Дүйсенбекұлы 1,2 шақырымдық Домбыралы көшесінің жол құрылыс жұмыстарын қадағалады. Жалпы, биыл бұл аумақта 3 шақырымды құрайтын 2 көше және 5 тұйық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Құрылыс енді Гүлабад, Бахриз Рамиз, Қапал батыр №1, 2, 3, 4 көшелерге, және тұйықтарға жүргізіледі. Ал Ризақ палуан, Жаңақұрылыс көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу 2024 жылға жоспарлануда. Қала әкімі мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, жол құрылысын сапалы атқаруды ескертті. Сондай-ақ жұмыстарды үлестіре отырып, нысандарды мерзімінде қолданысқа беруде нақты тапсырмалар жүктеді.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер.