Түркістан облысында жол құрылысы саласында биыл 159 нысан пайдалануға берілмек

Жалпы, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Биылғы қорытындыға сәйкес жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл бағытта биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 41,4 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1061,3 шақырым жол жөндеуден өтсе, жыл қорытындысына орай 560 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат жиналысында мәлім болды.

Мәжілісте жолға қатысты маңызды түйткілдер айтылып, өңір басшысы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

– Жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда. Жол құрылысын қолға алған мердігерлер мен сапасын қадағалаушы мекемелер тиісті жұмыстарды қолға алуы тиіс. Жолды салу да, жөндеу де бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек. Тұрақты қадағаланады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Жиын барысында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстық маңызы бар жолдарға тиісті қаржы бөлініп, 379,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жыл қорытындысымен 207,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр, 2 жарықтандыру жобасын пайдалануға беру көзделуде. Қазіргі таңда, 11 нысан толықтай пайдалануға берілсе (5 жол, 1 көпір, 4 құбыр, 1 жарықшам), қалған 9 нысанда жұмыстар жалғасуда. Осы орайда, биыл басқарманың тапсырысымен іске асырылып жатқан нысандарда «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ тарапынан 642 сынама алынып, 96 сынама сәйкес келмеді. Соған сәйкес, кемшіліктерге жол берген мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 120-ға жуық ескерту хаттар беріліп, 7,3 млн. теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ сапасыз салынған 8100 м2 асфальт жабыны қайта төселді.

Биыл аудандық маңызы бар жолдарға – 2,6 миллиард теңге бөлініп, 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Атап айтсақ, елді мекен көшелері бойынша 197 жоба н/е 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 98 елді мекенде жалпы 131 нысан немесе 482,5 шақырым көше жөндеуден өткізілуде. Жыл қорытындысымен 104 нысан (365 көше) немесе 325,2 шақырымы пайдалануға беріліп, индикатор көрсеткіші 70%-дан 74%-ға жетеді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланған тағы бір мәселе. Түркістан облысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 300-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарып, ауыз су, газ, электр энергиясымен қамту жалғасуда. Бұрын сапалы ауыз су, газ бармаған елді мекендерге осы игіліктер жетіп, елдің өмір сапасы жақсара түсті. Жыл соңына дейін жобалардың 196-сы аяқталады деп жоспарлануда. Қалғаны келесі жылға өтпелі.

– Ең бірінші мәселе – ауыз су. Жоспарланған жұмыстар жедел әрі сапалы атқарылуы тиіс. Газбен қамту, электрмен қамту бағытындағы жобаларды да сапалы атқарыңыздар. Түркістандағы арнайы экономикалық аймақты инфрақұрылыммен қамтумен қатар абаттандырып, көгалдандыру керек. Кәсіпкерліктің дамуы, инвестицияның артуына инфрақұрылымның тікелей қатысы бар. Жұмысты ширатыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берді.

Облыстық энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, биыл газбен қамту бойынша 112 нысан, ауыз су бойынша 122 нысан, электрмен қамту бойынша 58 нысанның құрылысы қолға алынған. Биыл осы салада 196 жоба жүзеге аспақ, қалғаны келесі жылға өтпелі.

2024 жылы ауыз су бойынша 96 нысан аяқталып, жаңадан 30 елді мекен ауыз сумен қамтылады. 37 елді мекен тәулік бойы сумен қамтылса, 24 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Олардың бірқатарында жаңа құрылыс жүргізілсе, біразына кешенді блок-модульдер орнатылуда. Қайта құру, құбыр тарту, ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы да мәселелер шешілуде.

Табиғи газ бойынша 54 жоба биыл жүзеге асады. 58-і келесі жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен 47 елді мекен табиғи газбен қамтылмақ. Газбен қамтылған елді мекендер саны 557-ге, халық саны 1,8 миллионнан асады деп күтілуде.

Электрмен қамту бойынша 58 нысанның құрылысы жүруде, оның 35-і биыл аяқталады. Жыл нәтижесінде 41 елді мекеннің халқы сапалы электр қуатына қол жеткізеді. «Қызыләскер», «Алатау» қосалқы станцияларының құрылысы аяқталуда. 383,7 шақырым электр желілері тартылып, 104 трансформатор орнатылады.

Өңірде кәсіпкерлік нысандарына инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Келес ауданында «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС жылыжай кешені, Шардара ауданында жүгері өңдеу зауыты, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта және Түлкібас ауданындағы «BeibarsBottlers» ЖШС-інде инфрақұрылым құрылыстары жүргізілген. Сонымен бірге газ тарату станцияларының да құрылысы жүруде. Облысты инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin