
Аудан аумағындағы ауылдар мен елді мекендердің ішкі жолдарын жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді.
Бүгінгі күнге дейін Құмкент ауылы мен Қызылкөл елді мекенінде жалпы ұзындығы 11,21 шақырым болатын ішкі көшелерге асфальт жабындысы төселді. Сонымен қатар Ақсүмбе, Сарыжаз, Шаға және Раң елді мекендеріндегі ұзындығы 6,51 шақырымды құрайтын ішкі көшелері де асфальтталды. Сондай-ақ қазіргі таңда өзге ауылдар мен елді мекендерде де ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылу үстінде.
Айта кетейік, ағымдағы жылы ішкі жолдардың сапасын арттыру мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге артты. Бұл қаржы есебінен 66,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелерге асфальт жабындысы мен қиыршық тас төсеу көзделген.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 14,2 шақырым болатын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Өткен жылы да аталған бағдарлама шеңберінде ауданда 748 миллион 897 мың теңге қаржыға 25 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, барлығы 26,1 шақырым жол жаңартылды. Бұған қоса, аудандық бюджет есебінен бөлінген 435 миллион 827 мың теңге қаржыға 21,2 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысы мен қиыршық тас төселген болатын.
Еске салайық, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысына орай 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.
Аталған саладағы мәселелер 2 маусым күні Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
– Жолдың сапасына мән беріледі. Бұл бойынша тиісті мекемелер тарапынан кемшіліктер анықталса, жауапты басшылар, аудан, қала әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін. Жұмысты жандандырыңыздар және әр жоба қатаң бақылауға алынсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мықтыбаевтың есептері тыңдалды.
Биыл облыстық маңызы бар жолдарға 19,6 миллиард теңге бөлініп, 24 нысан немесе 225,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл қорытындысына сәйкес 17 нысан (7 көпір) немесе 111,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Аудандық маңызы бар жолдарға 3,1 миллиард теңге бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Биыл 12 нысан немесе 49,3 шақырымы пайдалануға беріледі. Елді мекен көшелеріне келсек, 235 нысан немесе 831,2 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 140 елді мекенде 90 нысан (347 көше) немесе 391,8 шақырым көше жөндеу жұмысымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру көзделген. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.
Мәжілісте осы саладағы жұмысқа кері әсерін тигізіп жатқан факторлар зерделеніп, жауаптыларға мемлекеттік сатып алу жұмысын жеделдету, битум шығаратын зауыттардың жұмыс қарқынын түсірмеу, мердігерлердің жұмысын бақылап, жол сапасын жақсарту, айналма жолдардың құрылысын үйлестіру жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.