
Түркістан облысының орталығындағы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістандағы сарқынды су имаратының жай-күйімен танысты.
Шаһардың кәріз суы жиналатын нысанда жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, №2 кәріз тазалау блогы реттелуде. Осы жұмыстар нәтижесінде механикалық, биологиялық, химиялық, технологиялық тазалау тетіктері қалпына келеді. Аталған жобаға 400,7 миллион теңге қаралған. Құрылыс жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп жоспарланған.
Өңір басшысы қала әкімі мен жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы атқарып, қаланың инфрақұрылымына қатысты жобаларды назарда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 2018 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 15 пайыз ғана болған. 2020-2025 жылдар аралығында Түркістан қаласында кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Қолданыстағы сарқынды су құбырларының ұзындығы 401,6 шақырымды құрайды. Бұл желілерге 17581 абонент қосылған. Жалпы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші — 36,5 пайыз деңгейінде.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын сарқынды су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалар аясында қала аумағында инженерлік инфрақұрылымды толық қамту мақсатында бірқатар құрылыс нысандарының салынуы жоспарланған. Атап айтқанда, 5 сарқынды суларды тазарту имараты, 21 канализациялық сорғы станциясы және 4 шығын реттегіш құдықтың құрылысы қарастырылған. Бұл нысандардың іске қосылуы кәріз жүйесінің қуаттылығын арттырып, халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындарын толық кәріз жүйесіне қосу мақсатында қазіргі уақытта 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында жүзеге асып жатқан құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Нысандарды аралау барысында ол бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен инфрақұрылым бағытындағы жобалардың жай-күйімен танысты.
Аралау кезінде қала әкімі құрылыс алаңдарында мониторинг жүргізіп, жұмыс сапасын тексерді. Сонымен қатар, атқарылып жатқан жұмыстардың мерзімді әрі сапалы орындалуын қадағалау мақсатында мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Әзімбек Пазылбекұлы тұрғын үйлердің ауласындағы балалар ойын алаңшаларын аралап, олардың қауіпсіздігі мен сапасына қатысты сын-ескертпелер айтты. Тиісті бөлімдерге бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру қажеттігін тапсырды.
Қалалық құрылыс бөлімі тапсырыс беруші болып табылатын 9, 11 және 32-көшелер бойында егілген ағаштардың күтіміне де назар аударылды. Жасыл желектердің жай-күйіне байланысты мердігер ұйым – «BI Group» компаниясына бірқатар ескертпелер беріліп, оларды белгіленген мерзімде ретке келтіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте қала әкімі Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан мешіттің абаттандыру жобасымен танысты. Жалпы аумағы 4,2 гектарды құрайтын нысанның құрылыс алаңы 1 286,08 шаршы метрді қамтиды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Әкім жобаның сапалы әрі толық аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.