
Жүйнек елді мекенінде жаңа салынған тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымына қатысты мәселе көтерген тұрғындардың сауалына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауап берді.
Кездесуге аудандық мәслихат депутаты, тұрғын үй кешенінің негізін қалаушы Ержан Мұстапаев та қатысып, өз тарапынан түсіндірме берді. Әкім мен депутат тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті мәселелерді шешу бағытында бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылады.
Аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, инженерлік инфрақұрылым газ, су және кәріз жүйелерін толықтай шешу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді. Сонымен қатар, ол тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру аудан басшылығының басты назарында екенін атап өтті.
Айта кетейік, 2024 жылы Жүйнек елді мекенінде 1 қабатты 4 пәтерлі 4 тұрғын үй, яғни барлығы 16 пәтер пайдалануға берілген болатын. Аталған жоба «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстарын «Заңғар-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Инфрақұрылым демекші, кеше Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен кезекті апталық аппараттық мәжілісінің күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер қаралғаны есте. Алғашқы болып аудандық статистика басқармасының басшысы Камилжан Нұрышов ауыл шаруашылығы санағының жүргізілу барысы туралы баяндама жасады. Әкім сала басшыларына ауыл округтеріндегі есеп жұмыстарының толық әрі сапалы жүргізілуін, тұрғындармен түсіндіру шараларын күшейтуді тапсырды.
Қысқы маусымға дайындық, электр желілерінің сапасы және ауыз су жүйелерінің жағдайы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Қанағат атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Аудан әкімі жауапты тұлғаларға дайындық жұмыстарын нақты мерзіммен аяқтауды, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау үшін тиісті қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Мәжілісте орындаушылық тәртіп пен азаматтардың өтініштерін қарау барысы сөз болды. Құжат айналымын бақылау бөлімінің бас инспекторы Жандос Ален өз бағыттары бойынша есеп берді.
Қорытынды сөзінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров: «Әрбір басшы өз саласындағы жұмысты нақты жоспармен жүргізіп, белгіленген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Біз үшін басты мақсат — тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және әр істің нақты нәтижесін көру», — деп атап өтті аудан әкімі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
