Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында халықаралық маңызы бар «М-39» автожолын жөндеу жұмыстарының қарқыны артты

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында халықаралық және өңіраралық маңызы жоғары «М-39» Ташкент–Термез автожолының қазақстандық учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Аталған жоба – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды инфрақұрылым нысандарының бірі. Сол себепті «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ербол Қуандықұлы арнайы жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келіп, жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Сапар барысында мердігер ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарының қарқыны мен сапасына ерекше назар аударылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Жалпы ұзындығы 24,1 шақырымды құрайтын I санаттағы автожол учаскесі екі ел арасындағы шекаралық байланысты нығайтып қана қоймай, халықаралық транзиттік дәліз ретінде де маңызды рөл атқаратын болады. Бұл бағыт арқылы жүк және жолаушылар тасымалы үздіксіз жүзеге асырылады, сондықтан жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар жоғары.

Қазіргі уақытта жобаның негізгі кезеңдері белсенді жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, майда қиыршықты асфальтбетонның жоғарғы қабатын төсеу жұмыстарының 40%-ы аяқталды. Цементбетон жабынын жөндеу жұмыстары 90%-ға орындалды. Сонымен қатар көпір құрылыстарын жаңғырту жұмыстарының 50%-ы жүзеге асырылды.

Алдағы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар қосымша жұмыстар жүргізіледі. Олардың қатарында жолдың жүру бөлігін абаттандыру, заманауи жол белгілерін орнату, жарықтандыру жүйесін енгізу, тосқауыл қоршауларын орналастыру және басқа да инфрақұрылымдық шаралар қарастырылған.

Аталған жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық, сауда және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Жоспарға сәйкес, «М-39» автожолының Мақтаарал ауданындағы учаскесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары 2026 жылдың маусым айында толық аяқталады деп күтіліп отыр.

Түркістан қаласының бас көшесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Орайы келгенде атап өтер тағы бір жайт, Түркістан қаласы аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 3,0 шақырым учаскесінде де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында ескі асфальт жабындысы толықтай алынып, оның орнына заманауи талаптарға сәйкес қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон жабыны төселіп жатыр.

Қазіргі уақытта нысанның екі бағыттағы жүріс жолағында жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ендігі кезекте жол белгілерін сызу жұмыстары жүргізілетін болады.

Жоба толық сәуір айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Жөндеу жұмыстарының сапасы тапсырыс беруші мен техникалық қадағалаушы ұйымдар тарапынан тұрақты бақылауда тұр.

Жалпы, Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда қаладағы Ә.Жангелдин көшесінде ауқымды жол құрылысы жүргізілуде. Теміржол аумағындағы бұрынғы 2 жолақты жолдың орнына заманауи талаптарға сай 4 жолақты автомобиль жолы салынуда. Сонымен қатар, су ағызу науалары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол мен веложол құрылысы қатар жүргізіліп келеді.

Жаңартылып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 600 метрді құрайды. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын сәуір айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You