![]()
ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне тоқталып, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Осыған орай, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғыртуды қажет ететін елді мекендердің тізбесін анықтап, тиісті қаржыларды бөлу арқылы олардың әл-ауқатын жақсарту көзделген.
Түркістан облысында жоба аясында 2019-2025 жылдары 136,5 миллиард теңгеге 1 570 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде, 1 404 инфрақұрылымдық нысандарының құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 2 421,3 шақырым ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті, 38 елді мекен газбен қамтылды, 6 елді мекенде су жүйелерінің құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді, 49 елді мекен сапалы электрмен қамтылып, жылу жүйелері қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, 166 әлеуметтік нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Мәселен, 25 мәдениет үйі салынып, 16 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, 22 спорт кешені салынды, 3 спорт ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 1 стадион қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, 65 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 13 мектепке қосымша ғимараттар салынды, 13 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 8 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде 373 елді мекен тұрғындарының (1 миллион астам халық) өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Жобаларды жүзеге асыру барысында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Жалпы, 7 жыл ішінде Түркістан облысында 260 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып, 2 421 шақырым жол жөнделді. Бұл бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруы, жастардың ауылда қалуына, жұмыссыздық деңгейін азайтуға, салықтық түсімдердің көбеюіне, кәсіпкерлікті дамытуға жасалған жағдай екені анық.
Бір ауданның тәжірибесінде нақты мысал келтіре кетейік. Мәселен, ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы Ордабасы ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға елеулі үлес қосты. 2019-2025 жылдар аралығында жалпы 10 миллиард 887 миллион теңгеге 122 жоба іске асырылды. Нәтижесінде жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар жаңартылып, спорт кешендері салынып, инженерлік инфрақұрылым жүйелері жақсарды.
Жобаның алғашқы кезеңінде, 2019 жылы Темірлан елді мекенінде 384 миллион теңгеге 9 жоба жүзеге асырылып, 11 көше немесе 5,8 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар «Аққу» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, аудандық мәдениет үйінің ғимараты абаттандырылды.
2020 жылы Бадам, Төрткүл және Темірлан ауылдарында 1 миллиард 231 миллион теңгеге 31 жоба іске асырылды. 29 көше, 13,8 шақырым жол жаңартылып, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті.
2021 жылы 8 елді мекенде 1 миллиард 761 миллион теңгеге 37 жоба орындалып, 36 көше немесе 21,6 шақырым жол жөнделді. Төрткүл ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
2022 жылы 7 елді мекенде 719 миллион теңгеге 8 жоба жүзеге асып, 6 көше, 4,2 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Қызылжар ауылында газ жүйесінің құрылысы жүргізілді.
2023 жылы 11 елді мекенде 2 миллиард 256 миллион теңгеге 19 жоба қолға алынып, 25 көше немесе 28,5 шақырым жол жөнделді. Сонымен бірге Темірлан, Бадам және Қажымұқан ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы басталды.
2024 жылы 8 елді мекенде 2 миллиард 895 миллион теңгеге 11 жоба іске асырылып, 45 көше немесе 12,3 шақырым жол жаңартылды. Бірқатар ауылдарда электр желілері аяқталып, жаңа спорт кешендері ел игілігіне берілді.
2025 жылы 7 елді мекенде 1 миллиард 641 миллион теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, 27 көше немесе 27,1 шақырым жол жөнделді. Қажымұқан ауылында мәдени спорт кешені ашылып, Шұбар мен Темірланда жаңа спорт нысандарының құрылысы жалғасуда.
Жалпы алғанда, жоба аясында 179 көше, 113,3 шақырым жол жөнделіп, ондаған әлеуметтік және спорт нысандары жаңғыртылды. Аталған жұмыстар Ордабасы ауданындағы ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға нақты мүмкіндік берді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауылды дамытудағы тиімді бастама екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
