![]()
Шымкентте Қала күні қарсаңында қалалық инфрақұрылымды дамытуға, жайлы ортаны қалыптастыруға және тұрғындардың демалыс, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа нысандарды ашу рәсімдері одан әрі жалғасуда.
Бүгін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев қала күні мерекесіне орай жаңа нысандардың құрылысын аралап, әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты. Алдымен Нұрлыбек Машбекұлы жаңа әуежай терминалына барды. Іс-шарада Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, “Скат” әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов әуежайдың мүмкіндіктерімен таныстырып, тыныс-тіршілігін баяндады.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары екінші ұшу-қону жолағының құрылысы барысына куә болды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыстың 20 пайызы орындалған. Жолақтың ұзындығы — 3,9 шақырым, ені — 75 метр. Мұнда кез келген ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік бар.
Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту – Шымкенттің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі. Жаңа терминал мен екінші ұшу-қону жолағы іске қосылғаннан кейін әуежайдың өткізу қабілеті айтарлықтай ұлғайып, халықаралық және ішкі рейстер санын көбейтуге мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде жолаушылар ағынын арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, туризм мен бизнестің дамуына серпін береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін толық пайдалану экономикалық өсімнің маңызды факторларының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бүгінде Қазақстан арқылы өтетін халықаралық жүк және жолаушылар тасымалының көлемі тұрақты өсіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкент әуежайын дамыту жобасы оңтүстік өңірдің ғана емес, бүкіл елдің көлік жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды бастама саналады.
Мегаполистің халық саны жылдан-жылға артып, экономикалық белсенділігі күшейіп отырған кезеңде заманауи авиациялық инфрақұрылымның қалыптасуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықаралық байланыстарды кеңейтуге және Шымкенттің Орталық Азиядағы ірі көлік-хаб ретіндегі мәртебесін күшейтуге ықпал етпек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
