![]()
Түркістан қаласында тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың сәулеттік келбетін жақсарту және түнгі қауіпсіздікті арттыру мақсатында заманауи жарықтандыру жүйелері кезең-кезеңімен іске қосылып келеді.
Жалпы, 107 көпқабатты тұрғын үйдің сыртын жарықтандыру жоспарланса, бүгінде 30-дан астам үйде жарықтандыру қосылған. Жарықтандыру жұмыстары қала инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталып, көшелер мен ғимараттардың сәулеттік бейнесін айқындап, түнгі уақытта қаланың көркін ерекше аша түспек.
Жаңа LED шамдар мен энергия үнемдейтін жарық көздерімен тұрғын үйлердің аулалары, көпқабатты тұрғын үйлердің маңы және кәсіпкерлік нысандардың аумақтары қамтылуда. Нәтижесінде, қалада қауіпсіз қозғалыс жағдайы күшейіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне және бизнестің тартымдылығына қолайлы орта қалыптасып келеді.
Түркістанда жол құрылысы қарқынды
Бұдан бөлек Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылу үстінде. Қазіргі таңда қаладағы Ә.Жангелдин көшесінде ауқымды жол құрылысы жүргізіліп жатыр. Теміржол аумағындағы бұрынғы 2 жолақты жолдың орнына заманауи талаптарға сай 4 жолақты автомобиль жолы салынуда. Сонымен қатар, су ағызу науалары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол мен веложол құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Жаңартылып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 600 метрді құрайды. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын сәуір айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
